Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың алған сыйлықтарын өткізу бойынша жаднама

Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың (бұдан әрі – тұлғалар)алған сыйлықтарын мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi органға немесе жергілікті атқарушы органға өткізуі туралы
ЖАДНАМА
1. Тұлға сыйлық алғанын (алғанын білгеннен) кейінгі 7 күнтізбелік күн ішінде (білмей келіп түскен; тұлғаның лауазымдық жағдайына немесе қызметтік міндетттерін атқаруына байланысты; жариялы түрде немесе ресми іс-шаралар кезінде лауазымдық жағдайына немесе қызметтік міндеттерін орындауына байланысты берілген (табысталған) сыйлықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріне (бұдан әрі – уәкілетті орган) немесе жергілікті атқарушы органдарға (бұдан әрі – ЖАО) өткізеді.
Сыйлықты өткізу тұлғаның сатып алу не болмаса сатып алудан бас тарту туралы жазбаша хабарламасын (бұдан әрі – хабарлама) тіркей отырып белгіленген нысан бойынша уәкілетті орган немесе ЖАО түзген мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-тапсыру актісімен жүргізіледі.
2. Хабарлама төмендегідей мәліметтерді қамтуы тиіс:
уәкілетті органның немесе ЖАО атауы;
сыйлықты өткізуші тұлғаның аты-жөні, лауазымы, жұмыс орны, байланыс деректері;
сыйлықтың атауы, саны және қысқаша сипаттамасы;
сыйлықты сатып алуға немесе сатып алудан бас тартуға келісімі туралы ақпарат;
Ал сыйлықты сатып алған жағдайда жоғары тұрған лауазымды тұлға хабарламаға сатып алу келісімі туралы белгі (Аты-жөні, лауазымы, мөрмен расталған қолтаңбасы) қояды.
3. Тұлға сыйлықты ЖАО-ға өткізген кезде, ЖАО 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тиісті хабарлама жолдайды. ЖАО-ға өткізілген сыйлықтар уәкілетті органға жоғарыда көрсетілген мерзімде есепке алу, сақтау және бағалау үшін тапсырылуға жатады.
4. Уәкілетті орган сыйлықты өткізген тұлғадан тиісті хабарлама алғаннан кейінгі 7 күнтізбелік күн ішінде сыйлықтың бағалауын жасайды және көрсетілген тұлғамен сатып алу-сату туралы шарт жасасады.
Тұлғалардың ЖАО-ға өткізген сыйлықтары бойынша бағалау жасау және сатып алу-сату туралы келісім жасасу мерзімі жергілікті атқарушы органынан тиісті хабарлама алған сәттен бастап есептеледі.
5. Уәкілетті орган арнайы мемлекеттік қордағы сыйлықты үшінші тұлғаларға сатуға сыйлықты өткізген тұлғаның сатып алудан жазбаша бас тартуынан кейін ғана сатуға құқылы.
Анықтама үшін: Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 472 бабының 1 тармағы 4) тармақшасына сәйкес, уәкілетті органға сыйлық түріндегі мүліктерді толық және (немесе) уақтылы бермеу, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, әкімшілік-құқықтық жаауапкершілік қарастырылған.